Қазақстанда несие алу қиындайды: жаңа ережелер әзірленіп жатыр
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазіргі уақытта осыған қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр.

Қазақстанда жеке тұлғалардың төлем қабілетін бағалау талаптарын күшейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ашық НҚА» сайтында тиісті өзгерістер жобасын жариялады.
Жоба аясында мынадай өзгерістер ұсынылған:
- Жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін бағалау кезінде оны жоғары тәуекелді қарыз алушы ретінде тану критерийлерін белгілеу;
- Жеке тұлғалардың қарыздарын реттеу бойынша кредиттік шешімдерді қабылдаудың ішкі тәртібін бекіту талаптарын енгізу;
- Клиент-жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша арнайы бөлімше құру.
БҰЛ НЕ ҮШІН КЕРЕК
Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл түзетулер тұтынушылар үшін тәуекелдерді азайтуға және банк шешімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
– Сондай-ақ тұтынушылардың мүдделерін сақтау мақсатында банктің бизнес-моделіне тұтынушылардың мүддесін қорғайтын бақылау функцияларын орындайтын бөлімшенің болуы туралы талап енгізіледі, – делінген мәтінде.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жалпы несие портфелі 36,6 трлн теңгеге жеткенін хабарланған едік. Экономикадағы несие көлемі 1,6%-ға өскен. Осы жылдың басынан бері бизнеске берілетін кредиттер 0,3%-ға азайғанымен, халыққа берілетін кредиттер 4,4%-ға артқан. Ал ипотека – халықтың барлық несиесінің 28,4%-ы.
