Ауыл медицинасы баяу «емделіп» жатыр: премьер әкімдерді сынады
Қарағанды мен Батыс Қазақстан секілді бірнеше облыста мемлекеттік сараптама әлі өтпеген.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауылдағы денсаулық сақтау жобасының орындалу барысына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 650-ден астам елдімекенде заманға сай медициналық нысандар салынуы тиіс. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алайда жобаның іске асу қарқыны өте баяу. Құжаттамасы әлі дайын емес нысандар бар. Мәселен, Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаты әлі күнге дейін дайындалмаған. Ал Қарағанды мен Батыс Қазақстан секілді бірнеше облыста мемлекеттік сараптама әлі өтпеген.
Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Құрылыс маусымын тиімді пайдалану қажет, – деді Олжас Бектенов.
Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, СҚО және Түркістан облыстарында құрылыс аяқталғанымен, қалған өңірлерде әлі де тәуекелдер басым. Премьер нақты облыстарға тапсырма беріп, жобаларды жеделдетуді талап етті.
«Қағазбастылық халықтың денсаулығына қауіп төндіреді»
Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне апта сайын мониториң жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар заманауи құралдарды уақтылы сатып алып, барлық нысанды толық жабдықтауды міндеттеді. Ал өңір әкімдеріне жобаларды осы жылы толық аяқтауды, кадр тапшылығына жол бермеуді және ауруханаларға мамандар тартуды жүктеді.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 маусымға дейін барлық жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізу міндеті жүктелді. Бұл жұмысты Бектеновтің орынбасары Көшербаев тікелей қадағалайды.

Үкімет отырысында бүгін денсаулық сақтау мәселесі талқыланды. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерде тапшы мамандармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселесіне жеке тоқталды.
МАМАНДАР МӘСЕЛЕСІ
Министрдің айтуынша, ауылды елдімекендерге жұмыс істеу үшін келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы (ЕТЖ), яғни 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылып жатыр. Алайда бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған, – дейді Әлназарова.
МЕДИЦИНА НЫСАНДАРЫ
Министрдің сөзінше, елдегі 188 нысанның құрылысы биыл жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолданудың арқасында 2 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделген.
Бұл нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71%-ы жергілікті өнім өндірушілердің үлесіне тиесілі. Нысандарды пайдалануға беру кезінде қосымша 143 медицина қызметкерін (22 дәрігер, 121 орта буын қызметкерлері) жаңа жұмыс орындарына жіберу жоспарлануда.Осыған байланысты, өңірлердің әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастаулары қажет, – дейді Әлназарова.
Барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде, шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғындары қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылуы керек.
