Алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен халықты қазақ тілінде алдап үйренді
Олар арнайы технология көмегімен танымал тұлғалардың немесе жақын жандарыңыздың бейнесін жасап, бейнеқоңырау шалуы мүмкін.

Алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен халықты қазақ тілінде алдай бастады, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Алаяқтар бұрғындай банк, құқық қорғау органдары немесе туыстарыңыздың атынан хабарласып, шынайы адамның дауысын дәл салып, алдауға тырысады. Енді олар қазақ тілінде де сөйлейтін болды.
«Тіпті, Deepfake технологиясын қолдана отырып, танымал тұлғалардың немесе жақын жандарыңыздың бейнесін шынайы етіп жасап, бейнеқоңырау шалу арқылы алдауға дейін барады. Мұндай әдістер адам психологиясына әсер етіп, тез шешім қабылдауға мәжбүрлейді», — дейді полицейлер.
Сондықтан күмән тудыратын хабарламалар мен қоңырауларға аса мұқият болу қажет. Эмоциясыз дауыс, қисынсыз сөйлемдер мен асығыс әрекетке итермелейтін сөздер – алаяқтықтың айқын белгілері. Полицейлердің айтуынша, ең бастысы, жеке деректер – ЖСН, банк шоты, құпиясөздер мен SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеу керек.
