БҚО-да құқықтары бұзылған тұтынушыларға 12 млн 148 мың теңге қайтарылды
Азаматтардың өтініштерін мұқият қарау және қажетті тексерулер жүргізу нәтижесінде департамент 10 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сауда және қызмет көрсету саласында әртүрлі бұзушылықтарға тап болған тұтынушылардан 366 жазбаша өтініш түскен. «Сенім телефоны» тұтынушылардың сұрақтарына кеңес беру және жедел жауап беру арқылы 90 қоңырауды қабылдады. Сонымен қатар, 120-дан астам адам мамандардан жеке кеңес алды.
— Азаматтардың өтініштерін мұқият қарау және қажетті тексерулер жүргізу нәтижесінде департамент 10 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұзушылардың қатарында сатушылар да, түрлі қызметтерді орындаушылар да болды, — деп хабарлады БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.
Құқықтары бұзылған тұтынушыларға ақшаны қайтаруға ерекше назар аударылды. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша департамент сотқа дейінгі және сот тәртібімен тұтынушыларға 12 млн 148 мың теңге көлемінде ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетті. Айта кетейік, бұл есеп Департаменттің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметін ғана көрсетеді. Сауда қызметін реттеу жөніндегі іс-шаралар туралы ақпарат осы есепке енгізілмеген.
