Қайғылы жағдай: Батыс Қазақстанда өрттен бес бала қаза тапты
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында қайғылы жағдай болды. Жекеменшік үйден өрт шығып бес бала қаза тапты.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт кешкі уақытта тұрғын үйлердің бірінде болған. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем тобы жеткен. Құтқарушылар балаларды жанып жатқан үйден шығарып, аудандық ауруханаға жеткізген.
“Балалар тіршілік белгілерінсіз жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бар күш-жігерін салғанымен, оларды аман алып қалу мүмкін болмады”, – делінген Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың өліміне көмірқышқыл газымен улану себеп болған. Сырым ауданы әкімдігі сағат 15:00 шамасында Жымпиты ауылында тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.
“Қаза тапқан балалардың жасы 1 жастан 6 жасқа дейін. Олар бір отбасының баласы”, – делінген хабарламада.

Балалардың 35 жастағы әкесі “Демалыс орталығы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында, ал анасы жергілікті дүкенде жұмыс істейді. Бес балалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, өрт-техникалық зертхана, анықтаушылар мен психолог мамандар жіберілді.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды пеш пен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
