Көшеден күштеп ұстайды: Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтарды мәжбүрлеп әкетуге қатысты пікір білдірді
Көбінесе бұл көптеген азаматтардың тіркелген жерінде тұрмауы немесе нақты мекенжайы бойынша тіркелмеуі салдарынан болады.

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тарап жатқан әскерге шақырылған азаматтарды мәжбүрлеп ұстап әкету әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік Қазақстанда әскери қызметке шақыру белгіленген тәртіппен жыл сайын жүргізілетінін айтты. Дегенмен азаматтар жалтарып, шақыру бойынша уақытылы келмеуіне байланысты қиындықтар туындайды дейді.
«Көбінесе бұл көптеген азаматтардың тіркелген жерінде тұрмауы немесе нақты мекенжайы бойынша тіркелмеуі салдарынан болады. Шақыру қағазын өз бетінше тапсыру мүмкін болмаған жағдайда әскерге шақырылушының келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Сонымен қатар кей азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатыр. Бұл оларды әскерге шақыру учаскесіне мәжбүрлеп жеткізуге әкеп соғады», – делінген хабарламада.

Министрліктегілер шақыру комиссиясының қызметкерлері азаматтың әскерге жарамды немесе жарамсыз екенін сол жерде шешетінін айтты.
«Егер негіз болмаса, оны үйіне жібереді. Олай болмаған жағдайда, ол медициналық тексеруден өтуге және заңда көзделген қосымша шараларға жіберіледі. Әскерге шақырудан жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз», – делінген хабарламада.
Орал тұрғындары, негізінен жастар, әскери комиссариаттың әскерге шақыру комиссиясының қызметкерлерімен «ұстау» жүріп жатқанын 2гис-қосымшасы арқылы бір-бірін хабардар етіп ескертіп жатыр, деген жазба пайда болды әлеуметтік желіде.
