Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
Оралда 9 қабатты тұрғын үйдің тұрғындары ауласында Құрбан айт тойлаған. Tiktok үшін арнайы жасалған видеода адамдар қазан-ошақ жағып, қуырдақ жасап, үлкен дастархан басында айт тойлаған. Артынан самаурынмен шай ішіп, музыка қосып, би билепті.

Аулада ағаш отын, бірнеше самаурын және балалардың ойнап жүргені байқалады. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі көпке ортақ аулада мейрам тойлау қаншалықты заңды екенін сұрап білді.
«Ошаққа тамақ пісірдік, самаурыннан шай іштік. Құрбан айтты бала кездегідей тойладық», – деп жазылған видео сипаттамасында.
Видеоны көрген желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі «Қандай тату-тәтті көршілер, мейрамдарды осылай тойлағанға не жетсін?» десе, кейбірі «Ауылдағыдай өмір ұнаса, онда қалаға тұруға не үшін келдіңдер?» деп жақтырмады.
— “Шулап, түтіндетіп жатқанына ешкім шағымданып жатқан жоқ. Көршілер осындай болуы керек. Қуанышта да, қайғыда да бірге. Ал негатив жазғандар, көршілермен қалай тату-тәтті тұру керек екенін үйреніңдер.
— Бізге шырша құруға рұқсат бермейді, ал өздері аулада қой пісіреді.
— Аулада осындай той көрсем қуанамын, бұрын барлық мейрамды осылай тойлайтын едік. Қазақтың мерекесі ме, орыстікі ме, маңызды емес. Ең бастысы достық сезіледі.
— Бұл қоғамдық орын ғой, бәріне мұндай шу, түтін, далада тамақ дайындау ұнай бермейді. Айтпақшы, заң бар, мұндай жиындарға арналған орындар бар. Ал жалпы мейрам құтты болсын!
— Мен мұндай тойға барар едім. Самаурыннан түтін будақтап тұр. Адамдар мейрамды түнде емес, күндіз тойлап жатыр. Ашуланып пікір жазғандар, сендер басқалар үшін қуана алмайсыңдар, өте өкінішті”, – деп жазып жатыр желі қолданушылар.
Stan.kz сайты заңгер Уәлихан Жорабайдан ауладағы мұндай мейрамдар қандай нормалармен реттелетінін сұрады. Маманның айтуынша, заңда діни рәсімдер арнайы белгіленген орындарда, соның ішінде әкімдік ресми түрде рұқсат берген аумақтарда жүргізілуге тиіс деп белгіленген.
«Құрбан айт сияқты діни мерекелер қарсаңында кез келген діни рәсімдер, соның ішінде құрбандық шалу заң аясында қатаң түрде өткізілуі керек. Бұл Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабында тікелей көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 1-тармағына сәйкес, діни рәсімдерді өткізуге қойылатын белгіленген талаптарды бұзу ескерту жасауға не айыппұл салуға әкеп соғады», – деп түсіндірді заңгер.
Жеке тұлғаларға 25 АЕК (98 300 теңге) мөлшерінде;
Заңды тұлғаларға 100 АЕК-ге (393 200 теңге) дейін көлемде айыппұл салынады.
Заң бойынша, үй маңындағы аумақтарда, көпқабатты үйлердің аулаларында немесе осыған арналмаған басқа да орындарда құрбандық шалу «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманы бұзу болып саналады. Мұндай әрекеттер антисанитариялық жағдай туғызуы, қоғамдық тәртіпті бұзуы және көршілердің негізделген шағымдарын тудыруы мүмкін.
Оралда түсірілген видеода аулада қой бауыздағаны көрсетілмеген. Видеодан байқауымызша, көршілер дайын етті қазанға пісірген. Дегенмен заңгер Уәлихан Жорабай аулада мейрам тойлағанда заң нормалары мен өзгелерге құрметті сақтау қажет екенін ескертті.
«Шағын отбасылық немесе ұлттық мерекелерді үй маңында өткізе алуы мүмкін, бірақ басқаларға құрмет пен заң нормаларын сақтау қажет. Егер жалпы аумақ (көгал, спорт алаңы) пайдаланылса, Мүлік иелерінің бірлестігі немесе тұрғындармен келіскен жөн. Бұл қақтығыстарды азайтады. Түнгі уақытта шуламай, қоқыс қалдырмай және тұрғындардың немесе Мүлік иелері бірлестігінің келісімімен тойлай аласыз. Егер ауқымы үлкен болса-әкімдікпен келісу қажет болуы мүмкін. Бұл әр әкімдікте әртүрлі реттеледі», – деп ескертті заңгер Уәлихан Жорабай.
