Қазақстанға АЭС-ті кімдер салатын болды
Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда Атом электр станциясын кім салатынын мәлімдеді.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстандағы бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысын анықтау жұмыстарын аяқтады. Реакторлық технологиялардың әлемдік жетекші жеткізушілерінің басшылығымен келіссөздер ашық және бәсекелестік диалог әдісімен, компаниялардың өндіріс орындарын аралау арқылы жүргізілді. Осылайша «Росатом» Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы деп танылды.
«Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия ресейлік «Росатом» компаниясынан алынған АЭС салу бойынша ұсыныстарды ең оңтайлы және тиімді деп тапты. Екінші орынды, Қытай ұлттық ядролық корпорациясының ұсыныстары иеленді. Үшінші орынға француздық Électricité de France және кореялық Korea Hydro & Nuclear Power компанияларының ұсыныстары жайғасты. Енді қазір»Росатомның» ұсыныстарына сәйкес Ресей Федерациясының есебінен мемлекеттік экспорттық қаржыландыруды тарту мәселесі пысықталып жатыр», – делінген хабарламада.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік бірінші АЭС құрылысы бойынша тиімді халықаралық консорциум құруда шетелдік серіктестермен жұмысты жалғастырады.
Еске салайық, бұған дейін Әлеуетті жеткізушілердің тізімінде ресейлік «Росатом», оңтүстіккореялық KHNP компаниясы, Қытайдың CNNC және Францияның EDF компаниялары бар екені хабарланған еді.
2024 жылдың қазан айынан бастап биыл қаңтар айына дейін Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегаттар осы елдердің бәрін аралап шықты. Жабдықтаушылармен жасалған келісім шарттарда «санкциялық тармақ» болатыны айтылды.
Алғашқы станция Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады. Наурызда президент толыққанды ядролық кластерді қалыптастыру үшін «бір емес, үш АЭС салу қажет екенін» айтқан.
Қытайлық CNNC (Қытай Ұлттық ядролық корпорациясы) компаниясы Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысы болды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, алдын ала іріктеу қорытындысы бойынша тізімге енгізілген қатысушылардың барлығында бірегей технологиялар бар. Дегенмен, ең жақсы ұсыныстар Қытай мен Ресей компанияларынан түскен.
«Қытаймен ядролық саладағы ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарланып жатыр. Тағы бір АЭС салу үшін Қытай технологияларын Қазақстанда көргіміз келеді. Объективті түрде айтсақ, әлемде ядролық циклді өз бетімен игере алатын елдер көп емес. Әрине, Қытай барлық қажетті технологиялары, өнеркәсіптік базасы бар елдердің бірі. Біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық», – деді Сәтқалиев.
Сондай-ақ ол Қытай тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілетінін айтты.
«Келісімдер өте жоғары деңгейде өтті. Біз Қытай тәжірибесін қабылдауға мүдделіміз. Олар құрылысты тез әрі сапалы жүргізе алады. Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Агенттік те тиімді консорциумдар құруы керек», – деді ол.
