БҚО-да жүк көлігі тепловозбен соқтығысып жүргізуші қаза тапты
Shacman жүк көлігінің жүргізушісі жүк құрамы бар тепловозды өткізіп жібермей соқтығысқан.

Қайғылы оқиға 23 маусымда, сағат 13:30-да Бөкей ордасы ауданы Сайхын ауылының шетінде болған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, теміржол өткелінде 67 жастағы Shacman жүк көлігінің жүргізушісі жүк құрамы бар тепловозды өткізіп жібермей соқтығысқан.

Апат салдарынан алған жарақаттарынан ер адам сол жерде қайтыс болды. Полицейлер ҚР ҚК-нің 344-бабы бойынша «Теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, тепловозға 90 вагон тіркелген.
— Соқтығысу салдарынан локомотив жанып, ол толық сөндірілді. Бұдан әрі қауіп-қатердің алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыз вагондары локомотивтен жедел ағытылып, темір жолдың қауіпсіз учаскесіне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша сұйытылған газдың ағуы тіркелген жоқ. Бұл экологиялық және техногендік қауіп-қатерден құтылуға мүмкіндік берді, — деп хабарлады ведомстводан.