Токқа түсіп көз жұмған Әнуардың өліміне кінәлілер әлі анықталмады
Әнуардан тірілей айрылған жерді достары қолына іліккен бұйымдармен қоршап қойыпты. Абайсызда тағы бір ойын баласы от баспасын деген ниет.

Оралда тапа тал түсте токқа түсіп, тірілей өртеніп кеткен 9 жастағы Әнуардың өліміне кінәлілер әлі анықталмаған. Қайғыдан қан жұтқан ана ұлының ажалына себепкер болғандар тиісті жазасын алсын деп күңіреніп отыр. Қазір бұл оқиға ізімен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ тергеудің әлі ұзаққа созылатын түрі бар.
Әнуардан тірілей айрылған жерді достары қолына іліккен бұйымдармен қоршап қойыпты. Абайсызда тағы бір ойын баласы от баспасын деген ниет. Тіпті оқиға болған жерге марқұмның сүйікті командасының спорттық жейдесі мен допты қойып, түрлі ойыншықпен толтырған. Ал анасы баламның мал құрлы сұрауы болмады деп күйінеді. Егілумен өткен елу күннен бері кінәлілер табылмапты.
ТҰРСЫНГҮЛ БИСЕКЕНОВА, ӘНУАРДЫҢ АНАСЫ:
ЖКХ, әкімдік, депутаттардын бәрінен сұрап жатырмыз. Бірақ ешкім келген де жоқ, ешкім ештеме істеген де жоқ. Бұл иесіз ғимарат болып жатты. Бұл жерде трансформатор, подстанция бар екенін кейбір адамдар білмейді екен. Қауіпсіздік техникасының жоқтығы, дұрыс жұмыс жасамағандықтан, менің балам осылай болып кетіп тұр. Сол уақытта бәрін жасағанда балам осылай болып, көрде жатпайтын еді. Өздері төрде отырады кабинеттерінде, менің балам анандай болып көрде жатыр.
Осыдан жеті жыл бұрын тағы бір бала дәл осы жерде токқа соғылған. Оң қолы қатты күйіп қалған оның жасы қазір жиырмада. Сол кезден бері не мүгедектік берілмеген, не еш жерге жұмысқа алмайды. Өйткені күйіп қалған күре тамыры күш түссе, үзіліп кетіп қансырап қалуы мүмкін. Жұмыс берушілер содан қорқады екен.
АРАЙЛЫМ ДОСАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Участковый келді: мына жер без родины, без флага деді. Мына жердің иесі жоқ деді. Заявление жазамын, қуынамын дегенде сіз – жалғызбасты анасыз. Сіз егер қуынатын болсаңыз қазір сізден балаңызды тартып алады. Баланы қараған жоқсыз деді. Мен шыны керек қорқып кеттім. Қорқытып тұр ғой мені. Өйткені оған лишний волокита керек емес. Егер мен бәрін жасасам, қуынсам, участковый мені заблуждениеге келтірмесе, мен бәрін жасасам Әнуар тірі қалар ма еді?
Ал қалалық электр тораптары мекемесінің өкілдері теңгерімдегі трансформатор, қосалқы стансалардың бәрін жыл сайын тексереміз, әрқайсысына күзет қоюға жағдайымыз жоқ дейді.
АЗАМАТ ЖҰМАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ағаштың бұтағымен бала подстанцияның төбесіне мініп кетті деген ондай ақпаратты растамаймыз. Өйткені қайғылы оқиға болған кезде бір барып, қасындағы ойнаған балалардан сұрадық: сонда олар подстанцияның топсасына, есікке мініп төбеге шығып кеткен. Әуе желісі еске болғасын, кезінде салып тастаған. Қаптамасы жоқ. СИП провод деген тек жаңа шығып жатыр.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты қосалқы стансаның айналасын реттеуге тыйым салынған. Бірақ тұрғындар ашық-шашық жатқан жерге балалар тағы да токқа түсе ме деп қорқады. Өйткені бұл аудандағы бүкіл баланың бас қосар жері осы аумақ қана.