Путин бұйрығымен Қазақстан мұнайының экспорты тоқтады
Reuters дерегінше, бұл шектеулер жаһандық мұнай жеткізілімінің 2%-ына әсер етуі мүмкін.

Ресей президенті Владимир Путиннің жаңа жарлығына байланысты қазақ мұнайының Қара теңіз арқылы экспорты тоқтатылды, деп хабарлайды Orda.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Каспий Құбыржол Консорциумы (КҚК) арқылы Қара теңізге жеткізілетін қазақстандық мұнай экспорты уақытша тоқтап қалды. Бұған Путиннің жарлығы себеп болды. Жаңа ережелерге сәйкес, Ресей порттарына кіретін шетелдік танкерлер енді ФСБ-дан арнайы рұқсат алуы тиіс. Бұл талап Қара теңіздегі басты мұнай айлақтарында жүктеу жұмыстарына әсер етіп, шетелдік мұнай танкерлеріне уақытша шектеу қойылған.
Бұл шешім Каспий Құбыржол Консорциумының да қызметін тежеп отыр. Каспий консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы Новороссийск порты жанындағы «Озерейка» терминалы арқылы экспортталады. Консорциумда Chevron мен ExxonMobil секілді америкалық алып компаниялардың үлесі бар.
Reuters дерегінше, бұл шектеулер жаһандық мұнай жеткізілімінің 2%-ына әсер етуі мүмкін.
Жарлық Еуропалық одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізгеннен кейін қабылданған. КҚК мен Ресейдің Көлік министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Сала сарапшыларының болжауынша, мәселе бірер күнде шешілуі мүмкін.
