Банк картасын басқа біреуге бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.

Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғау және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыру үшін қылмыстық заңнамаға өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабына өзгерістер енгізілді.
«Өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергендерге, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесіне, я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді», — деп мәлімдеді ведомство.
Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірісті қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді. Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті.
-Ішкі істер министрлігі кеңес береді:
-ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
-картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз;
-күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
