Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ өршіген жағдайда оқушылар онлайн оқуға көшіріледі
Егер бір сыныпта 30% және одан да көп оқушы сырқаттанса, бүкіл сынып онлайн оқуға көшіріледі.

Қазақстан мектептерінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар эпидемиялық кезеңде жаңа шаралар енгізіледі. Егер бір сыныпта 30% және одан да көп оқушы сырқаттанса, бүкіл сынып онлайн оқуға көшіріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдағы эпидемиялық кезеңде мектептерде санитарлық шаралар күшейтіледі. Егер бір сыныптағы оқушылардың 30%-ы немесе одан көп бөлігі тұмаумен не ЖРВИ-мен ауырса, сынып түгелдей онлайн оқуға ауысады. Бұл туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтылған.
Сыныптағы 20-30% оқушы ауырған жағдайда кабинет жүйесі уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ он күн бойы бұл сыныпқа жаңа балалар қабылданбайды.
Балабақшалар мен мектептерде күнделікті «таңғы сүзгі» жүргізіледі: тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері бар балалар сабаққа жіберілмейді.
Сонымен қатар 15 қыркүйектен бастап елде тұмауға қарсы вакцинация басталады. 1 қыркүйекке дейін екпе алатындардың тізімі жасақталуға тиіс, ал 10 қыркүйекке дейін барлық медициналық ұйымдардың эпидемиялық кезеңге дайындық жұмыстары аяқталуы қажет.
Медициналық мекемелерге тұмау мен ЖРВИ-ге шалдыққандарды ғана емес, коронавирус инфекциясымен ауырғандарды да қабылдап, COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу тапсырылды.
