Бұралқы иттерден қорыққан оралдықтар баласын мектепке жіберуге қорқып отыр
Өйткені қараусыз қалған хайуандар әсіресе қала іргесіндегі елдімекендерде күрт көбейген. Асан ауылы үшін бұл көрініс үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ тұрғындар санаулы күндерден кейін мектепке баратын балаларын ит талап, мүгедек қыла ма деп қорқады.

Тұрғындар санаулы күндерден кейін мектепке баратын балаларын ит талап, мүгедек қыла ма деп қорқады. Өйткені осыған дейін бірнеше оқушыны ит қауып алыпты. Қараусыз қалған иттер әсіресе Орал қаласы іргесіндегі елдімекендерде күрт көбейген. Асан ауылы үшін бұл көрініс үйреншікті жағдайға айналған, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
«Таңертең тіпті толып кетеді. Тамақ іздейтін шығар. Қазір жаз ғой. Ертең қысқа қарай күн салқындаған кезде мүлдем тамақ жоқ мезгілде, тіпті қиын болады», — дейді Асан ауылының тұрғыны Кәкима Туяшова.

«Менің де немерем бар. Осы Асан мектебінде оқиды. Таңертең оқиды. Қорқамыз жіберуге. Қалай барады? Білмейміз. Ит деген толып жүр. Қорқып отырмыз», — дейді өзге тұрғын Қарлығаш Нұғманова.
Орал қаласының өзінде бұралқы иттің саны 15 мыңға жеткен. Ветеринарлар жылдық жоспарды 60 пайыз орындаса да, итті атып, көзін жоймайынша, санын азайту мүмкін емес, дейді. Әрі қараусыз қалған иттер өлексе жеп, айналаға ауру тарату қаупі де бар.
«Иттің саны соңғы кезде көбейіп отыр. Мен енді 1549 басқа кастрация, стерилизация жасағаныммен, әлі 15 мыңға жақын бұралқы ит жүр. Жоспарды орындағасын артық жасай алмаймын. Тұрғындарға айтарымыз — иттерін байлап ұстаса екен деймін. Сосын биостерилизация жасап, бірдейлендіріп, чиптеп, өзінің атына тіркеуді жүргізсе екен», — дейді қалалық ветеринариялық стансаның директоры Ерлан Ищанов.
