Оралда 10 жастағы мектеп оқушысына зорлық жасады деген күдікті ұсталды
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Орал қаласының полицейлері кешелі бері тай-тұяғымен 10 жастағы қызға шабуыл жасаған күдіктіні іздеді. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға сүйенсек, ол мектептен қайтып келе жатқан қаршадай қызды қылқындырып, жыныстық зорлық әрекет жасаған.
Оқиға кешкі сағат бес шамасында мектеп маңындағы тоғайда болған. Бала сабақтан шығып, қалың ағаштың арасымен үйіне келе жатыпты. Күдікті осы кезде шабуылдаған.

Қала тұрғындары арасында «шабуылдаған төртеу» деген дерек бар. Дегенмен ресми орган бір ғана күдіктінің іздестіріліп жатқанын мәлімдеді. Жәбірленушіге дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, үйіне жіберген.
Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдіктіні ұстады.
— Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталатын болады. Балаларға қарсы жасалған қылмыстар ерекше бақылауда болатынын және ең қатаң түрде жазаланатынын атап айтқым келеді,- деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Полицейлер ұсталған адамның жасын, шабуылдың себептерін, оны ұстаудың орны мен уақытын, тіпті істі тергеу жүріп жатқан қылмыстық бапты да айтпайды.
Зачаганск оқушылары №20 мектептің толып кетуіне байланысты санитарлық мектепке баруға мәжбүр. Ата-аналар бірнеше жыл бойы дабыл қағып, балаларының үйреншікті жағдайға оралуын талап етуде.
Биыл Батыс Қазақстан облысында балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың саны артқан. Егер 2023 жылы сотта мұндай 10 іс қаралса, 2025 жылдың 8 айында – 12 іс тіркелген.
Бір күдікті бала зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тағы екі сотталған адамға балаларға қатысты зорлық жасағаны үшін химиялық кастрация жазасы тағайындалды. Бұл шара олар жазасын өтеп болғаннан кейін қолданылады.
