Қазақстанда балаларды суға батудан қорғау үшін мектептерде жүзу сабақтары енгізіледі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы 236 мыңнан астам адам суға кетіп мерт болған. Олардың 82 мыңы – балалар. Сол себепті жүзуді денсаулықты нығайту және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу тәсілі ретінде қарастырып отыр.

Қазақстан мектептерінде жүзу сабағы дене шынықтырудың бөлігі ретінде енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин хабарлады.
Бастаманың мақсаты – балалар арасында су спортына қызығушылықты арттыру және судағы қауіпсіздік дағдыларын ерте қалыптастыру.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жоба 2026 жылы Астана мен Алматыда пилоттық түрде іске қосылады. Сынақ кезеңінен кейін бағдарлама кезең-кезеңімен барлық өңірлерге таратылады.
Бастама АҚШ, Австралия, Венгрия секілді жүзу спортында алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйенеді. Бұл мемлекеттерде балаларды міндетті түрде жүзуге оқыту көп жылдар бойы табысты іске асырылып келеді.
Баландиннің пікірінше, мектеп жасындағы жүзу сабақтары балалардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, су айдындары жанында қауіпсіздік мәдениетін орнықтырады. Ол бұл қадамды салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды инвестиция деп атап өтті.
Қазір Қазақстанда 360-тан астам бассейн бар, оның 35-і олимпиадалық стандартқа сай. Су спортымен 135 мыңнан астам адам айналысады, оларды 900-ден аса кәсіби жаттықтырушы дайындайды.
