Қазақстанда ақша көлемі рекордты деңгейге жетіп, тым көбейіп кетті
Үкімет сырттан қарыз алып, ақша массасын ұлғайтты.

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан экономикасында айналымдағы ақша көлемі шектен тыс ұлғайып, инфляцияны үдетіп отыр. Ұлттық банк жылдық ақша массасының өсу қарқыны айтарлықтай жеделдегенін мәлімдеді. Қазанда жалпы ақша агрегаты М3 (экономикадағы жалпы ақша массасы) және оның теңгелік бөлігі жылдық мәнде сәйкесінше 17,7% және 17,8% артқан.
Ұлттық банктің қарашаға арналған ақша-несие саясаты туралы есебінде ақша массасын ұлғайтқан негізгі факторлар нақтыланды.
Біріншіден, кредиттеудің кеңеюі экономикалық жүйеге жаңа ақша құйып жатыр.
Екіншіден, бюджет дефицитін жабу үшін Үкімет сыртқы қарыздарды белсенді тартып келеді. Бұл фискалдық операциялар мен сыртқы активтердің ақша ұсынысына ықпалын күшейтті.
Үшіншіден, 2025 жылдың тамыз-қазан айларында Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздар шығару көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 50,4% өскен. Ең қарқынды өсім қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі) қағаздарда – 5,2 есеге, сондай-ақ 5 жылдан асатын ұзақ мерзімді сегментте – 2,9 есеге тіркелді.

Аналитиктердің бағалауынша, инфляцияны үдетіп отырған негізгі себептер – ақша массасының кеңеюі, мемлекеттік шығындардың артуы және импортқа тәуелді тұтыну нарығы.
Қолма-қол төлемдердің азайып келе жатқанына қарамастан, қолма-қол ақша Қазақстанда әлі де кең қолданылады. Ұлттық банктің 2024 жылғы сауалнамасы бойынша, респонденттердің 48,9%-ы төлемнің негізгі құралы ретінде әлі де банкнот пен монетаны таңдаған.
