БҚО-да мас күйінде көлік жүргізген мектеп директоры 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды
Теректі ауданының мектеп директоры мас күйінде көлік жүргізіп құқығынан айырылды.

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында Магистральное ауылының мектеп директоры мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
4 желтоқсанда Құмақсай ауылында әкімдік маңында полицейлер Hyundai Elantra жүргізушісін тоқтатқан. Медициналық тексеріс оның жеңіл деңгейдегі алкогольдік мас күйінде болғанын көрсеткен.
Сотта әйел кінәсін толық мойындап, қымыз ішкенін, оның масайтатынын білмегенін айтқан.
Сот директорды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды. Кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, оған әкімшілік қамау қолданылған жоқ.
Облыстық білім басқармасы мектеп директорына сөгіс жарияланғанын мәлімдеді.
