БҚО-да жоғалған жасөспірім базар маңынан табылды
Іздестіру іс-шараларына полиция қызметкерлері, ТЖД қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, еріктілер және тұрғындар жұмылдырылған.

Іздеу шаралары барысында полиция өзге де қызметтермен бірлесіп жұмыс жүргізіп, баланың болуы мүмкін барлық жерлерді — жолдарды, іргелес аумақтарды, парктерді, скверлерді, компьютер және өзге де ойын клубтарын, сауда үйлері аумағын тексерді.
Баланы орталық базар маңынан учаскелік полицейлер тапқан.

29 желтоқсан күні шамамен сағат 11:40-та жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары кәмелет жасына толмаған Самиғолла Ельнар Қайырбекұлын Орал қаласының орталық базар аумағынан тапты. Қазіргі уақытта денсаулығы жақсы, ата-анасына табысталды, — деді БҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция іздестіру жұмыстарына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдіреді.
