БҚО тұрғындарының 16%-ы МӘМС жүйесінен тыс қалды
Батыс Қазақстан облысында медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 582 109 адам тіркелген. Бұл облыс тұрғындарының 84%-ын құрайды.

2021—2025 жылдар аралығында Қазақстанда МӘМС жүйесіне тіркелген азаматтар саны 15,8 млн-нан 17,5 млн адамға дейін өскен. Аталмыш кезеңде Батыс Қазақстан облысында сақтандырылғандар саны 57 мың адамға артты, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі sarapshy.info агенттігіне берген жауабында.
Соған қарамастан 2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша БҚО-да 105 955 адамның сақтандыру мәртебесі жоқ. Бұл облыс тұрғындарының 16%-ы. Яғни әр жетінші тұрғын МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
2024 жылы БҚО-да МӘМС аясында медициналық ұйымдарға 33 млрд теңге, ал 2025 жылдың 11 айында 35 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қаражаттың негізгі бөлігі стационарлық және консультативтік-диагностикалық көмекке бағытталған.
Сақтандырылмағандар кімдер?
Ресми жауапта сақтандырылмаған азаматтар А, B, C, D және E санаттарына бөліп көрсетілген. А санатына әлеуметтік жағдайы жақсы 162 мыңадам кірсе, материалдық жағдайы орташа адамдардың (В санаты) 1,1 миллионы медициналық сақтандыру алмаған. Ал Скатегориясындағы (қанағаттанарлықсыз деңгей)903 421 азамат сақтандырылмаған.
D санатында (дағдарыстық деңгей) 598 079 адам,ал E санатына кіретін 180 550 қазақстандық бар.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын шамамен 1 миллион қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қол жеткізеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
МӘМС олқылықтары
Қызмет сапасына қатысты шағымдар саны 8 678-ге жетті. Бұл – әрбір үшінші өтініш медициналық көмектің сапасына байланысты деген сөз.
МӘМС қоры жүргізген тексерулер барысында жекелеген медициналық ұйымдарда нақты көрсетілмеген қызметтер үшін төлем сұрау, бір қызметті негізсіз қайталау, медициналық көрсеткішке сай келмейтін қызметтерді тіркеу фактілері анықталған.
2025 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 23 022 шағым түскен. Оның 52,9%-ы консультациялық-диагностикалық қызметтерге, 35,6%-ы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қатысты. Шағым түсірген тұрғындаркөбіне кезектерге, медициналық жолдамаларға,маман тапшылығына наразы.
Медицина сарапшысы Қайырғали Көнеевтің айтуынша, егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тек мекемелер ғана емес, жеке дәрігерлер де тікелей қатыса алатын болса, кадр тапшылығы жойылар еді. Себебі көптеген жалпы практика дәрігерлері ауылға барып, халықты өз атына тіркеуге мүдделі болады. Мәселен, бір дәрігер үш-төрт ауылды қамтып, тұрғындарды тіркеп алса, МӘМС арқылы ай сайын кемінде бір миллион теңге табыс таба алады.
