«Жұмыста жоқ» жандарға 46 миллион теңге: БҚО-дағы кітапхана бухгалтерлері барлық соманы қайтарып, келтірілген залалды өтеді
Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеуді аяқтап, ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша істі сотқа жолдаған болатын («Қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде ұрлау»).

Теректі ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бухгалтерлері 2023-2025 жылдар аралығында алдын ала сөз байласу бойынша іс жүзінде жоқ адамдарға ай сайынғы жалақы төлемдерін есептеп, өздерінің банктік карталарына қаражат аударып отырған.
2 жыл ішінде бухгалтерлер өз шоттарына осылайша 46 миллион теңге алып үлгерген. Бірақ олар барлық соманы қайтарып, келтірілген залалды өтеді, деп атап өтті БҚО бойынша ЭТД.
Еске салсақ, осының алдында ғана «Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің» директоры жалған студенттермен схема құрып, 49 млн теңгеден астам ақша ұрлағанын жазған болтынбыз.
Жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылып, сол шоттарға стипендия төлемдердері аударылған. Банктік карталар директорға немесе оның нұсқауымен өзге тұлғаларға қолма-қол ақша алу және қаражатты әрі қарай пайдалану үшін тапсырылып отырған.
Нәтижесінде колледж директоры 49 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.
