Кей жүргізуші айыппұлды жеңілдікпен төлей алмауы мүмкін
Әкімшілік кодекске жаңа норма қосылады.

Жол ережесін өрескел әрі үнемі бұзатын жүргізушілер айыппұлды бір апта ішінде 50 % жеңілдіктен төлеу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Бүгін депутат Марат Қожаев осы мәселені көтерді.
«Мұны былтыр ұсынғанмын, оны Үкімет қарап, қолдады. Сондықтан осы бағытта белгілі бір өзгеріс болады деп ойлаймын. Бір жылда 10 реттен артық жол ережесін бұзған жүргізушіні жеңілдіктен айыруды ұсынып отырмын. Яғни, он реттен кейін, 11, 12 немесе 13 мәрте ереже бұзған жағдайда айыппұлды толық көлемде төлеуі керек. Бізде заңдар пакетпен қабылданады, сондықтан Әкімшілік кодекске кезекті өзгеріс енгенде осы түзетуге бастамашы боламын», — деді сенатор.
Былтыр наурызда премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Қожаев мынадай ұсыныстар айтқан:
- автомектептерге мемлекет бақылауын күшейту;
- емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу тәртібін қайта қарап, жаңа жүргізушілерге сынақ мерзімін енгізу;
- автомектептердің оқу бағдарламасын жаңартып, қауіпсіздік пен мәдениетті басты орынға қою;
- жаңа жүргізушілерді куәлік алған соң 6 айдан кейін міндетті курстан өткізу;
- жүргізушілердің жол ережесі мен жолда жүру тәртібін қаншалықты білетінін тексеру үшін белгілі бір кезеңде (мысалы, 10 жыл сайын) қайта емтихан алу;
- жүргізуші куәлігін беру процесін қадағалауды Ішкі істер министрлігіне жүктеу;
- барлық ірі қала, облыс орталығы және аудан орталықтарында арнайы ХҚКО мен автодром ашу.
Бұл бастамалардың тағдыры белгісіз. Бірақ сол кезде Үкімет басшысы автомектептердегі оқыту жүйесі мен жол ережесін елемейтіндерге бақылау күшейіп келе жатқанын атап өтті. Мысалы, мопед тіркеу, орташа жылдамдықты қадағалау сияқты өзгерістер күшіне енді. Ал сенатордың ұсыныстарына нақты «иә» немесе «жоқ» деген жауап бермеді.
