Қазақстанның мұнай және алтын қоры қанша жылға жетеді
Қазақстанда мұнай мен алтынның қоры қазіргі өндіріс көлемімен есептегенде бірнеше онжылдыққа жетеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры туралы айтты.
«Шамамен айтқанда, мемлекет тізілімінде 4 млрд тоннадан астам мұнай қоры бар. Қазіргі өндіріс қарқынымен бұл қор шамамен 50 жылға жетеді.
Алтын қорына келсек, ұмытпасам, мемлекеттік тізілімде 2,3 мың тонна болған. Қазіргі өндіріс қарқынымен бұл қор бізге 37 жылға жетеді», — деді Қанат Ерубаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, аталған қорлар толықтырылып жатыр.
