Жол құрылысына бөлінген көп қаражат қолды болған
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүздеген млрд теңге жоғалды деп мәлімдеді.

Агенттік 16 наурызда 2025 жылы жүргізген сыбайлас жемқорлық қаупіне қатысты сыртқы талдау нәтижесін жариялады. Есепке сәйкес өңірлердегі тексеріс барысында жол құрылысының сметалық құны 11 млрд теңгеге артық көрсетілгені анықталған. Мекеме мамандары 362 ескірген жобалық-сметалық құжатты анықтады, оларды әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалыпты. 27 млрд теңге тұратын 324 нысан міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпегені белгілі болды. Бұдан бөлек 70 компания жұмыс тәжірибесі туралы жалған анықтаманы пайдаланып, 408 млрд теңгенің келісімшартына қол жеткізген.
Агенттік өкілдері мердігерлер мен субмердігерлер қалай жазаланғанын және ұрланған ақша қазынаға қайтқан-қайтпағанын айтқан жоқ. Бірақ жоспарлау, құрылыс және техникалық қадағалау саласындағы жүйелі олқылықты жою үшін 80-нен аса ұсыныс әзірлегенін хабарлады.
Шенділердің айтуынша қазір Қазақстанда Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ескертуі жөнделгенше жолды пайдалануға беруге тыйым салынған. Енді жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы құрылады. Базада нақты карьердің сипаттамасынан бастап зертханалық сынақ нәтижесіне дейінгі дерек сақталады.
«Платформа ақпаратты бір орталыққа жинауға мүмкіндік беріп, өнім сапасы туралы мәліметті бұрмалау қаупін жояды. Қабылданған шара 2026 жылға бөлінген 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етеді» деді агенттік өкілдері.
