Орал әуежайы авиаотынды еш негізсіз әртүрлі бағамен сатып келген
Тергеу амалдары көрсеткендей, бір уақыт кезеңінде кейбір компаниялар авиаотынды нарықтың басқа қатысушыларына қарағанда әлдеқайда төмен бағамен сатып алып отырған.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС сатып алушылар үшін авиаотын бағасын ешқандай объективті және экономикалық негізсіз әртүрлі деңгейде белгілеген, деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) баспасөз қызметі.
«Тергеу қорытындысы бойынша «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-нің авиаотынды сату кезінде үстем жағдайын асыра пайдалану белгілері анықталды. Атап айтқанда, серіктестік нарықтағы үстемдігін пайдалана отырып, авиаотынды өткізу барысында ешқандай дәлелді себепсіз әртүрлі бағаларды қолданғаны белгілі болды. Тергеу амалдары көрсеткендей, бір уақыт кезеңінде кейбір компаниялар авиаотынды нарықтың басқа қатысушыларына қарағанда әлдеқайда төмен бағамен сатып алып отырған», — делінген сәрсенбідегі хабарламада.
БҚДА мәліметінше, аталған деректер бойынша департамент серіктестікке монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері туралы хабарлама жолдады. Компания қойылған талаптарды орындап, анықталған заңбұзушылықтарды жойды.
Бұған дейін ҚазТАГ Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының авиаотын туралы деректерді бұрмалағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлаған болатын.
