Оралда ауруханада жанжал шығарған әйел жауапкершілікке тартылды
Оқиға барысында ол балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, дәрігерден онымен орыс тілінде сөйлесуін талап еткен.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған әйелге қатысты әкімшілік іс қаралды.
Істі қарау барысында әйелдің Орал қаласындағы облыстық ауруханада кезекші дәрігермен жанжал шығарғаны анықталды. Оқиға барысында ол балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, дәрігерден онымен орыс тілінде сөйлесуін талап еткен.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйелден жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күй анықталған.
Сот іс бойынша ұсынылған материалдарды зерттеп, құқық бұзушының әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берді.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот әйелдің асырауында үш баласы бар екенін, олардың біреуі кәмелетке толмағанын да ескерді. Осы мән-жайды ескере отырып, оған әкімшілік қамақ қолданылмайды.
Істі қарау нәтижесінде әйел Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оған аталған баптың санкциясында көзделген 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
