«Ақшаны қайтармаймыз»: Мейрамханаға алдын ала төлем жасайтындар нені білуі керек?
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы бойынша, егер қызмет көрсетілмесе және нақты шығын болмаса, тұтынушы алдын ала төлеген соманы толық көлемде қайтарып алуға құқылы.

Егер тараптар алдын ала кез келген жағдайда кепілдің қайтарылмайтынын нақты келіспесе, онда ҚР Азаматтық кодексінің 338-бабына сәйкес, тұтынушы төленген соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Ерекше жағдай — мейрамхана шығындардың расталғанын құжатпен дәлелдеген кезде. Бұл жағдайда ҚР АК 686-бабына сәйкес тек нақты шығындар ғана ұсталып қалады.
Сонымен қатар, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 8-1-бабы 2-тармағы 6-тармақшасына сәйкес, азаматтың құқығын шектейтін шарт деп, орындаушыға көрсетілмеген қызмет үшін ақшаны қайтармауға мүмкіндік беретін келісім талаптары танылады.
Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, төмендегідей әрекет ету керек:
* дәлелдерді сақтау (чектер, аударымдар, хат алмасу, бронь реквизиттері);
* мекеме атына жазбаша талап жолдау;
* талап орындалмаған жағдайда мекенжай бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіну.
БҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындарынан мейрамханалар мен кафелерге үнемі шағымдар келіп түседі. Көбінесе даулы жағдайлар сапасыз қызмет көрсетуден немесе банкеттен бас тартқан кезде мекеме иелерінің алдын ала төлемді қайтарудан бас тартуынан туындайды.
Соңғы жағдайлардың бірі Орал тұрғынымен болған. Осы жылдың ақпан айында әйел 31 шілдеге жоспарланған «қыз ұзату» рәсімін өткізу үшін мейрамханаға тапсырыс беріп, 100 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасады.
Алайда жоспарлар өзгерді және мереке күніне 47 күн қалғанда қала тұрғыны мекеме әкімшілігіне броньды алып тастау туралы хабарлады. Ауызша келіссөздер нәтиже бермеді-олар ақшаны қайтарудан бас тартты.
15 маусымда әйел мейрамханаға жазбаша талап қойды. Әкімші құжатты қабылдады, бірақ ол қол қоюдан бас тартты, ал дау шешілмеген күйінде қалды.
Бұл жағдайға тұтынушылар құқығын қорғау Департаментінің мамандары араласты. Сотқа талап арыз дайындалып, берілгеннен кейін мекеме қала тұрғынына төленген 100 мың теңгені толық көлемде қайтарып берді.
