БҚО Қазақстанда психикалық бұзылулардың ең жоғары өсімі тіркелген өңір болып отыр
Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан облысында – 90,3%.

Денсаулық сақтау министрлігі психикалық ауытқуы бар адамдарды қолдау жүйесін жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осыған байланысты министрлік Үкімет отырыстарының бірінде 2027–2030 жылдарға арналған денсаулықты сақтау жөніндегі жаңа кешенді жоспарды таныстырды. Құжаттың толық нұсқасы интернетте жарияланған жоқ. Әзірше оның мақсаты мен міндетінің жалпы сипаттамасы ғана бар.
Жоспардың негізгі мақсаты – ауруды ерте анықтап, пациентті емдеу.
Жоспарда психикалық денсаулық мамандарын емханалардың жұмысына тарту, ерте диагностика жасауды дамыту, пациенттің медициналық мәліметтерін цифрландыру, кадрлар даярлау және инфрақұрылымды жаңарту қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы бірнеше жылда алғаш рет «Психикалық ауру» диагнозы қойылған пациенттер саны екі есеге жуық артқан. 2021 жылғы 8,5 мың адамнан 2025 жылы 15,5 мың адамға дейін өскен. Бұл салыстырмалы көрсеткіштен – 100 мың адамға шаққандағы психикалық ауру мен мінез-құлықтың өзгеруі бастапқы сырқаттану деңгейінен де көрініс тапты. Сол кезеңде көрсеткіш 45,1-ден 76-ға дейін өскен.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бастапқы сырқаттану деңгейі 100 мың адамға шаққанда 74 адамға жеткен. Бұл 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіштен 15,7%-ға көп.
Көрсеткіш еліміздің 20 өңірінің 15-інде өскен. Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан облысында – 90,3%, Қызылорда облысында – 49,3%, Жамбыл облысында – 33% және Алматы қаласында – 33,8% болды.
«Статистика тек алғаш рет қойылған диагноздарды көрсетеді. Сондықтан ол психикалық аурулардың нақты таралуына ғана емес, медициналық көмектің медициналық көмекке жүгінушілер санының өсуіне және диагностика сапасына да байланысты болуы мүмкін», делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, психикалық аурудың жасарып келе жатқанын көруге болады. Ол 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 80,2-ден 147,3-ке дейін өскен. 2021 жылмен салыстырғанда өсім шамамен 1,8 есе болған.
15–17 жастағы жасөспірімдер арасында да сырқаттану деңгейі өскен. 100 мың адамға шаққанда 46,2-ден 65,9-ға дейін. Ересек тұрғындар санатындағы динамика басқа жас топтарынан ерекшеленеді.
2021 жылдан 2023 жылға дейін бастапқы сырқаттану өскен, 2024 жылы күрт азаю тіркелген, кейін көрсеткіш қайтадан артып, 100 мың адамға шаққанда 45,9-ға жетті.
Қазір стереотиптер мен стигматизацияға байланысты психикалық ауытқуы бар азаматтардың нақты саны белгісіз. Олардың бір бөлігі мемлекеттік емханаларға бармай, жеке психологтар мен психиатрлар хабарласады. Ал кейбір адамдар симптомдарын мүлдем елемей, жылдар бойы қиналады немесе, өкінішке қарай, өз-өзіне қол жұмсайды.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша психикалық ауытқу бойынша дәрігерлерге хабарласқан отандастарымыздың жалпы саны 255,8 мың адамға жеткен. Бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,2%-ға көп. Сонымен қатар осы кезеңдегі динамика біркелкі болған жоқ. 2025 жылы 100 мың адамға шаққандағы 1,3 мың адам сырқаттана, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,2 мың болған», делінген хабарламада.
Жас топтары бойынша ең елеулі өзгерістер 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалды. Олардың психикалық аурумен сырқаттануы бірнеше жылда 41,9%-ға өсіп, 100 мың адамға шаққанда 631,3-тен 896 жағдайға дейін жетті. 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында көрсеткіш 1,4 мыңнан 1,6 мыңға дейін өсті.
Ересек тұрғындар арасында, керісінше, ауруға шалдыққандар азайған. 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 1,5 мыңнан 1,4 мыңға дейін азайды. Осылайша, соңғы жылдардағы жалпы сырқаттанудың өсуі негізінен балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштердің артуымен байланысты болды. Ал ересектер арасында сырқаттану деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда аз болып отыр.
2025 жылы есепте тұрған пациенттердің саны шамамен 210 мың адамға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3%-ға өсті. Сырқаттану деңгейі 1,9%-ға артып, 100 мың адамға шаққанда 1 мың адам болды.
Өткен жылы шизофрения диагнозымен мамандардың диспансерлік есебінде 44,4 мың адам болған. Ақыл-ой кемістігі бар пациенттер саны 79,1 мың адамға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,8%-ға көп.
«Енді бір жағымды жаңалық айтсақ, елде психиатрлар саны айтарлықтай өскен. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, 2021 жылдан бері мұндай мамандардың саны үштен бірге артып, 739 адамнан 998 адамға жетті», делінген хабарламада.
Бұл ретте психиатриялық кабинеттер саны әр жылдары әртүрлі өзгергенімен, 2021 жылдан бері жалпы алғанда іс жүзінде өзгеріссіз қалды.
Тағы бір екіұшты тенденция бар: осы жылдары психиатрлар саны өскенімен, елдегі психиатриялық төсек-орындар саны қысқарған. 2021 жылы 7,5 мың төсек болса, 2025 жылы олардың саны 6,2 мыңға дейін азайды, яғни 16,9%-ға азайған.
