Оралдағы тойда болған төбелестен соң полиция қылмыстық іс қозғады
Оралда үйлену тойы кезінде «тентек кәде» рәсімі жанжалға ұласқан сәт түсірілген видеоәлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадағы жағдайға қарағанда, той үстіндегі әзіл бір сәтте шынайы қақтығысқа айналған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, жанжалдан кейін қатысушылардың бірі медициналық көмекке жүгінген.

Алдын ала айтылған мәліметтерде оның бірнеше тісі сынып, қабырғалары зақымданғаны сөз болады. Дегенмен оқиғаның барлық мән-жайын ресми түрде нақтыланбайынша, видеодағы көрініске қарап нақты қорытынды жасауға асықпаған жөн. Бұл жағдайдың қызықты тұсы — мәселенің тек бір тойдағы төбелесте емес, қазақтың өңірлік той дәстүрлерінің ерекшелігінде жатқаны.
«Тентек кәде» — Батыс Қазақстанда сақталған қызықты салттардың бірі. Оның негізінде екіжақтың туыстарының әзілдесуі, бір-біріне түрлі тапсырмалар беруі, жол бөгеп, кәде сұрауы немесе күйеу жігіт жақты түрлі ойынға тартуы жатыр. Яғни бастапқы мақсаты — адамды кемсіту емес, керісінше екі әулетті жақындастыру, ортақ қуанышқалыптастыру. Алайда қазіргі той мәдениетінде дәстүрдің кейбір элементтері ойын-сауыққа көбірек айналып бара жатқанын байқауға болады. Әзіл күшейген сайын оның шекарасы да бұлыңғырланады. Бір адам үшін күлкілі көрінген әрекет екінші адамға намысқа тиетін нәрсе болуы мүмкін. Ал көпшіліктің алдында адамның абыройына тиетін әзіл эмоцияны одан әрі ушықтыруы ықтимал. Оралдағы жағдайды да осы тұрғыдан қарастыруға болады.
Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті түсінік берді. Ведомство мәліметінше, бұл жағдай бойынша полицияға арыз немесе шағым түспеген. Видеодағы азаматтардың жеке басы анықталып, тексеру жүргізіліп жатыр.
Департамент мәліметіне қарағанда, той 22 тамыз күні Орал қаласында болған.
— Бейнежазбадағы азаматтардың жеке басы анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы бақылауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген ресми жауапта.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Ең қызығы, оқиғаға қатысушылардың өздері полицияға жағдайдың қойылым болғанын және әдейі ұйымдастырылған көрініс екенін айтқан.
“Азаматтардың түсініктемесіне сәйкес, болған жағдай қойылым сипатында болған және инсценировка ретінде ұйымдастырылған”, – деп хабарлады полиция.
