БҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 16 есе өскен
Ауырғандардың көпшілігі Орал қаласында тіркелген — 252 науқас.

Батыс Қазақстан облысында 2026 жылдың жеті айында қызылшаның 298 жағдайы тіркелді — өткен жылдың сәйкес кезеңінде 18-ге қарсы. Осылайша, науқастардың саны 16,6 есе өсті. Бұл туралы брифингте БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева мәлімдеді.
Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, қызылша жұқпасына шалдыққандардың басым көпшілігі – уақытылы екпе алмағандар.
— Ауырғандардың 252-сі Орал қаласында тіркелген. Сондай-ақ 15-і Бәйтерек, 10-ы Бөрлі, 9-ы Теректі, төртеуі Казталов, екі-екіден Қаратөбе, Сырым, Жаңақала, біреуі Шыңғырлау ауданының үлесіне тиеді, — деді Г.Кереева.
Оның айтуынша, сонымен қатар паразиттік жұқпалардан аскаридоз 5, эхинококкоз 5, лямблиоз 12 дерекке көбейген.
Есесіне жіті ішек жұқпалары – 44, желшешек – 1614 (54 пайыз), сальмонеллез – 26, менингококк – 1, жіті А вирусты гепатиті – 2, созылмалы вирусты гепатиттер – 30, АИТВ – 20, жедел респираторлық вирустық инфекциялар – 24 317 (26,69 пайыз), тұмау – 157, ковид-19 8 дерекке азайды.
— 2024 жылдан бастап жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 11-17 жас аралығындағы 10 009 қыз бала вакцина алды. Жеті айдың қорытындысы бойынша облыста бекітілген халық тізіміне сәйкес мақсатты топ балалары профилактикалық екпелермен 93,8 пайызға қамтылды, — деп қосты Г.Кереева.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл сайын бүкіл әлемде 150 мың адам, көбінесе 10 жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырады. Сондықтан кез келген адам, әсіресе, кішкентай балалардың ата-аналары қызылшаның қандай ауру екенін білуі керек.
Алғашқы белгілері – қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді.
