БҚО-да жануар шабуылынан зардап шеккендер көбейді
Әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейлеуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 1806 адам жүгінген.

БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (1 607) едәуір көбейіп отыр. Адамдар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ.
Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, соның ішінде 1 250 адамды ит қапты.
— Жануарлардан зардап шеккен жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну маңызды. Сондай-ақ құтыру ауруына қарсы екпе жасату қажет. Жұқпалы дерттердің таралуын болдырмау – баршаға ортақ жауапкершілік. Осы орайда уақытылы екпе алып, жеке бас гигиенасын сақтап жүру де керек, — деді Г.Кереева.
Егер үй жануарларынан немесе жабайы хайуандардан зардап шексеңіз міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз және дәрігер тағайындаған профилактикалық егу курсын алған жағдайда ғана өзіңізді бұл аурудан сақтап қаласыз.
Ит немесе мысық тістегенде (тырнағанда)
- Жараны жуу: Жараны дереу ағынды сумен және кір сабынмен кем дегенде 10-15 минут бойы мұқият жуыңыз (сабындағы сілті құтыру вирусын бейтараптандыруға көмектеседі).
- Дезинфекциялау: Жараның айналасын сутегі асқын тотығымен (перекись) немесе антисептикпен өңдеңіз.
- Таңғыш қою: Қанды тоқтату үшін таза, стерильді таңғыш басыңыз.
- Дәрігерге көріну: Дереу жақын маңдағы травматологиялық пунктке немесе ауруханаға барыңыз. Жануар құтыру (бешенство) және сіреспе (столбняк) ауруларын жұқтыруы мүмкін.
- Вакцинация: Дәрігердің нұсқауымен құтыруға және сіреспеге қарсы екпелерді уақытылы салыңыз.
