Ерлан Қарин Вице-президент атанды
Құрылтай бұл кандидатураны қолдады.

Президент Вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды.
«Мен бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынамын. Ерлан Қарин елде танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда өткен жиында.
Президенттің сөзінше, Қарин мемлекеттің стратегиялық бағдарын, жоспарын нақты түсінеді.
«Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын», – деді Президент.
Құрылтай депутаттары Президенттің бұл ұсынысын қолдап, дауыс берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент тағайындалған соң, оның өкілеттігі туралы Жарлыққа қол қояды.
Бұған дейін Президент Құрылтайдағы партия фракцияларының жетекшілерімен кездескен болатын.
Ерлан Қарин мемлекеттік басқару мен қоғамдық-саяси салада ұзақ жыл еңбек еткен. Ол 1976 жылы Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Қазақстан даму институтында, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде қызмет атқарып, Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі болған.
2008 жылы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды, кейін «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметін атқарды. 2014 жылы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 2017 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2019–2020 жылдары Президент кеңесшісі, кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды. 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, сол жылдың маусымында Мемлекеттік кеңесші қызметіне кірісті. 2026 жылғы 30 маусымда Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.
Ерлан Қарин саяси ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары «Құрмет», І және ІІ дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Достық», «Отан» ордендерімен марапатталған.
