Непалда су тасқынынан қаза тапқандар саны 750-ге жетті
Ел үкіметі жариялаған соңғы ақпаратқа сәйкес, Непалдағы су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 750 адамға жетті, 2 498 адам хабар-ошарсыз кетті, оның ішінде 589-ы – шетелдіктер.

Непал мен Тибет шекарасындағы су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 750 адамға жетті. Оның 16-сы – Тибеттен. Бұл туралы stan.kz ақпарат агенттігі The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Барлық зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Іздестіру-құтқару және гуманитарлық операцияларды жүргізу үшін 19 895 қауіпсіздік күштерінің қызметкері жұмылдырылды. Олардың қатарында Непал армиясының 8 399 әскери қызметшісі, 7 213 полиция қызметкері және Қарулы полиция күштерінің 4 203 қызметкері бар.
Билік өкілдерінің дерегінше, қазір күштік құрылымдар 8 186 адамды құтқарды.
“Біз су тасқынын бақылау қызметінен СМС-хабарлама алдық. Бізге екінші толқынның жақындап келе жатқаны туралы ескертті. Өзеннің жоғарғы ағысында кептеліс түзіліп, ол бұзылған, енді су ағыны біздің бағытқа келе жатыр. Бізге дереу қауіпсіз жерге кетуді айтты, сондықтан біз жоғарырақ көтерілдік”, – деді Дхадинг округінің тұрғыны Атма Шрестха.
Қайтыс болғандардың көп болуы қаза тапқандардың жеке басын анықтауға тырысып жатқан билік үшін үлкен қиындық тудырып отырғаны атап өтілді. Аты-жөні анықталмаған мәйіттерді сақтау және сәйкестендіру рәсімін жүргізу үшін әр түрлі аудандардағы 21 ауруханаға жіберілді.
Ұлттық апаттар қаупін азайту және төтенше жағдайларды басқару басқармасы жексенбі күні таңғы сағат 9:00-де жарияланған іздеу, құтқару және көмек көрсету операциялары туралы жаңартылған ақпаратында су тасқынынан зардап шеккен бірнеше ауданнан адам сүйектерін қоса алғанда 750 адамның мәйіті табылғанын хабарлады.

Ең көп мәйіт Читванда табылды — 259, одан кейін Шығыс Навалпарасиде 184 және Батыс Навалпарасиде 82 адам табылды. Горхада 58, Нувакотта 52, Дхадингте 50, Танахунда 36 және Расувада 13 мәйіт табылды.
Су тасқыны Бхотекоши мен Тришули өзендерінің бойымен адамдар мен қоқыстарды ағызып жібергеннен кейін өзеннің төменгі ағысында жүздеген шақырым жерде көптеген мәйіт табылды.
Жоғалған адамдардың саны әсіресе Расувада көп. Аудандық билік органдары 562 адамның қайда екені белгісіз екенін хабарлады. Нувакотта 115 адам, ал Макаванпурда 65 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде.
Жоғалғандар тізіміне гидроэнергетикалық жобамен байланысты 933 адам, 589 шетелдік азамат және олармен бірге сапар шеккен 127 Непал азаматы бар. Сонымен қатар 85 қауіпсіздік қызметкері хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде, оның ішінде 45 Непал армиясының қызметкері, 27 Непал полициясының қызметкері және 13 Қарулы полиция күштерінің қызметкері бар.

Непалдың Читван аймағында су тасқынынан қаза тапқан, бірақ жеке басы анықталмаған жүздеген адамның денесі жаппай жерленіп жатыр. Бұл туралы stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сәрсенбі күні апат болған билік Расувадағы су тасқынынан зардап шеккен аңғарлардан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан Читванның Девгхат орманында жүздеген қабір қазды.
«Басқа амалымыз қалмады. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болдық. Мәйіттердің тез шіруі халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдадық», – деді Читванның Бхаратпур аудандық әкімшілігінің басшысы Ганеш Арьял.
Сенбі күні билік орманға жеке басы анықталмаған 96 адамның денесін жерледі. Ал жексенбіде тағы 100-ден астам адамның денесін жерлеу жоспарланып отыр. Бұл уақытта іздеу топтары өзендер мен үйінділердің арасынан қаза тапқандардың денелерін әлі де іздеп, алып жатыр.
Непалдағы су тасқынында хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматтарының саны үшеуге жетті, деп жазды tiek.kz. Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында тағы бір отандасымыз қалып қойған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. СІМ өкілінің айтуынша, қазақстандық дипломаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен байланыста жұмыс істеп жатыр. Қазақстан азаматтарын іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін жоғалған туристер қатарында Қазақстанның екі азаматы бар деген ақпарат тараған еді.
