Қазақстанның өңірлері биыл қанша қарыз алды: Миллиардтар қайда жұмсалды?
Мемлекеттік бағалы қағаздардың ең көп көлемі Батыс Қазақстан облысында – 27,2 миллиард теңге.

27 тамызда 4 өңірдің әкімдігі түрлі жоба үшін қарыз алып, бағалы қағаз шығарған. Инвестордан алынған қарыз ақшаға өңір тұрғын үй салады немесе түрлі жоба жасайды. stan.kz тілшісі қай өңір биыл ең көп қарыз алғанын және оны қайда жұмсағанын анықтап көрді.
KASE жариялаған мәліметте 27 тамызда Шымкент 16,15 %-бен 24,4 миллиард теңге, 17,27 %-бен 216 миллион теңгеге, Жетісу облысы 17,3%-бен 3,6 миллиард теңгеге, Маңғыстау облысы 4,25 %-бен 2,5 миллиард теңге, Ұлытау облысы 17,27 %-бен 423 миллион теңгеге облигация шығарғанын аңғарамыз.
Облигация деген не?
Облигация – қарыз алу құралы. Яғни мемлекет, компания немесе әкімдікке ақша керек болса, олар инвесторлардан ақша қарызға алады. Оның орнына инвесторға белгілі бір уақыттан кейін ақшасын қайтаруға және қарызды пайдаланғаны үшін пайыз төлеуге міндеттеледі. Қазақстанда облыстар мен қалалардың әкімдіктері облигация арқылы бюджетке қосымша қаржы тарта алады.
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, 2026 жылы жергілікті атқарушы орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздардың көлемі – 278 миллиард теңге. Соның ішінде:
- Батыс Қазақстан облысы – 27,2 миллиард теңге;
- Қостанай облысы – 25,9 миллиард теңге;
- Қарағанды облысы – 25,6 миллиард теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 23,6 миллиард теңге;
- Астана қаласы – 22,4 миллиард теңге;
- Абай облысы – 20,8 миллиард теңге;
- Шымкент қаласы – 20,3 миллиард теңге;
- Жамбыл облысы – 16,5 миллиард теңге;
- Қызылорда облысы – 15,5 миллиард теңге;
- Жетісу облысы – 15,5 миллиард теңге;
- Түркістан облысы – 14,2 миллиард теңге;
- Шығыс Қазақстан облысы – 14,1 миллиард теңге;
- Ұлытау облысы – 12,8 миллиард теңге;
- Ақмола облысы – 12,3 миллиард теңге;
- Маңғыстау облысы – 12,2 миллиард теңге;
- Павлодар облысы – 8,3 миллиард теңге;
- Атырау облысы – 5 миллиард теңге;
- Ақтөбе облысы – 4,2 миллиард теңге;
- Алматы облысы – 2 миллиард теңге.
Қай аймақта ең көп қарыз алынды?
Мемлекеттік бағалы қағаздардың ең көп көлемі Батыс Қазақстан облысында – 27,2 миллиард теңге, одан кейінгі орында Қостанай облысын – 25,9 миллиард теңге, Қарағанды облысында – 25,6 миллиард теңге және Солтүстік Қазақстан облысында – 23,6 миллиард теңге.
Министрліктің мәлімдеуінше, олар көп жағдайда облигацияны үш себеппен жариялаған:
- Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жобаларында пәтерлер салу, сатып алу;
- Ағынды суларды тазарту құрылыстарын, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және канализация желілері мен жүйелерін салу және жаңғырту;
- Мектепті жөндеу.
Ал Алматы қаласы биылдыққа ешқандай қарыз алмаған.
Не себепті облигация пайызы әртүрлі?
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, облигация бойынша пайыздың әртүрлі болуы ең алдымен оның қандай мақсатта және қандай шартпен шығарылғанына байланысты.
Тұрғын үй құрылысына арналған кейбір мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша жеңілдетілген мөлшерлемелер қолданылады — 0,35%-4,25%. Бұл жағдайда қаржыландырудың шарттары мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй саясатына байланысты белгіленеді.
Ал коммерциялық капиталды, яғни банктерді, қорларды және жеке инвесторларды тарту үшін шығарылатын облигациялар нарықтық шарттармен орналастырылады.
“Олардың кірістілігі KASE-дегі сауда барысында қалыптасады. Бұл ретте негізгі факторлардың бірі — Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі. Базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, инвесторлар әдетте облигациядан да жоғары кірістілік күтеді”, – делінген хабарламада.
Бұған қоса, облигацияның өтімділігі, өтеу мерзімі және инвестор үшін тәуекелі де мөлшерлемеге әсер етуі мүмкін.
