Оралда тұрғын үйлерге жылу беріле бастады
«Жайықжылуқуат» АҚ қаладағы 1 673 нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 1 213 көпқабатты тұрғын үй бар.

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 1 213 көпқабатты тұрғын үй бар.
Бес қабатты тұрғын үйлерге жылу 1 қазаннан бастап берілген. Ал тоғыз қабатты және одан жоғары тұрғын үйлер жылуға бүгін түстен кейін қосылмақшы.
Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, әлеуметтік нысандарға жылу толықтай берілген. Жалпы, «Жайықжылуқуат» АҚ жылумен қамтитын 42 балабақша, 86 оқу орны, оның ішінде 48 жалпы білім беретін мектеп, 35 денсаулық сақтау нысаны, 5 әлеуметтік қорғау нысаны, 24 мәдениет нысаны және 268 басқа ұйым бар.
Оралда ТМ-6 жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Бұл жұмыс алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды жылумен сенімді қамтуға бағытталған.
Реконструкция Орал қаласындағы Гагарин және Ружейников көшелерінің қиылысында орналасқан ТМ-6 магистралінің 1-нүктеден ТК-6 жылу камерасына дейінгі бөлігін қамтыды.
Жұмыс барысында әуе тәсілімен тартылған 1,82 шақырым жылу құбыры ауыстырылды. Оның орнына диаметрі 530 миллиметр болатын алдын ала оқшауланған 2Д530 құбырлары орнатылды.
Жаңарту ескірген инфрақұрылымды жаңа құбыр желісімен алмастыруға мүмкіндік берді. Жобаның негізгі мақсаты — жылу шығынын азайтып, тұтынушыларға жылу берудің сенімділігін арттыру.
